2012 жылдың 17 сәуірінде сағат 14.30-16.20(4 ауд.) ЖМ факультетінің 2 курс және 1 курс студенттері арасында “ҚР Президентінің 2012 жолдауы” тақырыбында саясаттану және әлеуметтену секциясы бойынша ашық сабақ өткізілді. Жолдаудың қаншалықты орындалып жатқандығын және оған біздің тигізетін септігіміз де студенттердің назарынсыз қалған жоқ. Сабақ барысында студенттер өздерінің көптен бері қызығып жүрген сұрақтарын қойды. Сұрақтар Қазақстанда әлі де орын алып келе жатқан проблемаларды қамтыды. Анықтап айта кетсек олардың бірі пара беру және пара алу мәселесі. ЖМ факультеті 2 курстың 004 топ студенті Хамитов Әділет “пара беру мен алуды шектеу мүмкін емес. Оған тосқауыл тек басшылардың дұрыс сайлануы, яғни жоғарыда тек мемлекет жанашыры отыруы бола алады”- деді. Оппазициялық топтың мүшесі 1-курс студенті Жұмабаева Мөлдір: “Пара беруді әр адам тоқтата алады. пара беру мен пара алуды тоқтата алатындар біз, яғни жастар. Пара алушы жоқ болса, пара беруші жоқ және керісінше пара беруші жоқ болса пара алушы жоқ. Олай болса ол сенің және менің қолымда”- деді.
Студенттер өздерінің пікірлерін айтып қана қоймай қарапайым мысалдар да келтіріп ат салысып отырды. Дебаттың қонақтары: кафедра меңгерушісі доцент З.У. Бисембаева, аға оқытушылар: Ғ.Т. Рсалдина, С.Ә.Жолдыбаева, М.И. Исаева, С.М.Ильгидаева, Б.Ә. Муканова болды.
Президент жолдауын таныту барысында білім және медицина саласына студенттер ерекше қызығушылық танытты. 1 курс студенті Амангелдиев Данияр: “Қазақстандағы білім жүйесін бір орынды ұстап тұруына болмайды, яғни біз бірте-бірте жаңа және жақсы ұйымдастырылған білім жүйесіне көшуіміз керек. Бұл үшін жаңа білім жүйесіне көшу мен білім сапасының жақсара түсуін қадағалап отыру қажет”- деді.
ЖМ факультеті 2 курстың 004 топ студенті Қамытбаева Жазира “Қазақстанды дамыған капиталистік елдердің білім жүйесімен салыстыру дұрыс емес. Тәуелсіздік алғанымызға биыл 20 жыл уақыт өтті. 20жыл ішінде мемлекетіміз көптеген жетістіктерге қол жеткізгенімен, бұл білім жүйесін оңай ауыстыруға жеткіліксіз уақыт.”-деді.
Ал медицина саласына келгенде студенттерде отандық дәрілердің кең ауқымда қолданылмауы қынжылыс туғызды. Шет елдердің дәрілерінің мемлекетімізде көптеп қолданылуы отандық дәрілердің шетте қалуына бірден-бір себеп болып отыр деген пікірлерін жеткізді.
1 курс студенті Төлеуғазы Арайлым мұны отандық дәрілердің сапасымен байланыстырды: “Отандық дәрілердің мемлекетімізде қолданылуының бұрынғы кезбен салыстырылғанда әлдеқайда айырмашылығы бар. Қазіргі кезде отандық және шетелдік дәрілерге жақсы жарнамалар көрсетіліп жатыр. Бұл халықтың өзге ел дәрілері мен өзіміздің шығарып жатқан дәрілерімізді салыстыра отырып таңдау жасауына көмектеседі және мемлекеттердің медицинаны дамытудағы бәсекелестігін күшейтеді”- деді.
Қарсы топтың атынан Шерманиязова Ақжарқын былай деді: “Егер бізге екі мемлекеттің дәрісін ұсынса, олардың бірі отандық дәрі болса, біз неге көп жағдайда шет елдің дәрісін дұрыс көріп тұрамыз? Ол біздің медицинамыздың дамуы туралы дұрыс білмеу. Бізге отандық дәрілерді өндіретін фармацептикалық компаниялар туралы көп жариялау қажет. Яғни жарнамалау кең ауқымды болу қажет”- деді.
ЖМ факультеті 2 курстың 004 топ студенті Сағатбекова Жаңанұр өз пікірінде: “Егер біз шетелдің дәрілерін импорттауды азайтсақ, оның орнына отандық дәрілерді өндіруді дамытсақ, онда халық отандық дәрілерге біртіндеп ауыса бастайды. Бірақ сапасына аса зор көңіл бөлінуі керек”- деп айтты.
Келесі ең маңызды мәселелердің бірі ол- тіл мәселесі. Ана тілі ол қазақ тілі. Ана тілінде шорқақтап шала сөйлейтін көптеген қазақ азаматтарымыз бар. Оның себебі халқымызды басқа тілмен улайтын теледидардағы шетел кинолары, газет-журналдар, интернет және басқа да ақпараттандыру көздері. Студенттер бұларды жеке талдап мысалдар келтірді. Сонымен қатар патриоттық сезімнің тілге әсер етуде маңызы зор екенідігі жөнінде студенттер біраз пікірін айтты.
Дебатты қорытындылау кезеңінде Ғ.Т.Рсалдина екі топтың да белсенділігін байқағанын айтты. Өз пікірін айтудан ешкім де тыс қалған жоқ. Білім беру саласында да, медицина саласында да, тіл мәселесін талқылауда да патриоттық сезімнің, қызу еңбектің қажеттілігі айқын сезілді.